Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова тұрғын үй бағасының өсуіне банк ұсынып отырған ипотека бағдарламалары әсер етпейтінін айтты.

"Егер тұрғын үй бағасының қымбаттауына тек "Отбасы банк" бағдарламалары ғана әсер етсе, банкті жауып тастайық. "Банкте жаңа бағдарлама пайда болғанда, үй бағасы өседі" деу ойға қонымсыз сценарий. Қазақстандағы жалпы ипотека портфелі өткен жылғы ЖІӨ-нің 3 пайызына да жетпеді. Соңғы деректер бойынша, 3,5 пайызды құрады. Ол Ресей Федерациясында 7-8 пайызды, Батыс Еуропада 20-30 пайызды құрайды. Неге "Отбасы банктің" барлық ипотекалық бағдарламасына сұраныс жоғары? Себебі ипотекалар жеткіліксіз. Біздің демография, бала туу көрсеткіші айтарлықтай жылдам өсіп келеді. Шынын айтқанда, әр жаңа нәресте туылғанда бір жаңа бөлмеге деген сұраныс пайда болады. Тұрғылықты мекенін өзгертуге сұраныс артады. Біздің жеңілдетілген бағдарламаларымыз барлық берілген ақшаның тек 20 пайызын ғана құрайды. Қалғаны – бюджет ақшасын қолданбай, үй құнының 50 пайызын өздері жинау арқылы ипотека алғандар", – деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова. 


Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын Отбасы банкіндегі депозитке аударарда не білу керек?


Сонымен қатар, банк төрайымы Қазақстандағы баспана бағасына қатысты болжамын айтты.

"Өсу қарқыны төмендейді деп ойлаймын, бұл сөзсіз. Енді 10 пайыз немесе екі таңбалы сандарға өсу болмайды, өйткені зейнетақы жинақтарын негізгі пайдалану 1 сәуірде аяқталады. Қазірдің өзінде түсен барлық өтініш депозиттерді толықтыру және ипотеканы өтеу туралы. Бірақ, тұрғын үйді толық сатып алу туралы өтініштер өте аз", – деді Ләззат Ибрагимова.

Банк төрайымы жылжымайтын мүлік бағасы барлық елде өсіп келе жатқанын айтты.

"Halyk Finance Research 2021 жылдың бірінші жарты жылдығының нәтижелері бойынша зерттеу жүргізді. Ол Батыс Еуропада да, Солтүстік Америкада да, соның ішінде Канада мен АҚШ-та жылжымайтын мүлік бағасының екі таңбалы санға көтерілгенін көрсетті", – деді спикер.

Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін зейнетақы жинақтары арқылы тұрғын үй сатып алу үшін аударылған ең үлкен сома – 162,4 миллион теңге. Ол премиум санаттағы тұрғын үй сатып алу үшін аударылған. Ал ең аз транзакция сомасы шамамен 1 миллион теңгені құрады.


Оқи отырыңыз: Аз қамтылған отбасыларға – тұрғын үй. Қашан және қалай алуға болады?