Күндіз көліктің жарығын жақпаған жүргізушілерге енді айыппұл салынбайды
Қазір Мәжіліс депутаттары "Жол жүрісі туралы" заңды қарап жатыр.Енді күндіз көлігінің жарық шамын қоспаған жүргізушілерге айыппұл салынбайды. Бұл талапты сақтау – міндетті емес. Дыбыс сигналын пайдалану қағидаларын бұзғандар да жауапқа тартылмайды. Тек ескертумен шектеледі, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазір Мәжіліс депутаттары "Жол жүрісі туралы" заңды қарап жатыр. Соның аясында құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілмек.
Мәселен, соның бірі осы қала аумағында көліктің жарық шамдарын жағып жүруге қатысты болып отыр. Бұрын бұл ережені сақтамағандар 3 айлық есептік көрсеткіш демек, 11 076 теңге көлемінде айыппұл арқалайтын. Бұдан былай тек ескерту беріледі. Ал трассаға қатысты бұрынғы талаптар өз күшінде қалады.
Депутат Сергей Пономарев әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясында денсаулыққа зиян келмеген жол көлік оқиғасы үшін жүргізуші куәлігінен айырылмайтынын айтты. Айтуынша, автотұрақ ақысын төлемегендер де жауапкершіліктен босатылады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жаза жеңілдетілуі мүмкін бе? ІІМ жауабы
Сондай-ақ, заңға сәйкес, рұқсат етілген жылдамдықты 60 шақырымнан асырған көлік жүргізушілеріне жаза қатаңдатылғалы отыр. Оларға 40 айлық есептік көрсеткіш, демек 147 680 теңге мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
"Бұл норманың заң талаптарын сақтайтын азаматтарға қатысы жоқ. Яғни, жылдамдықты 10, 20, 30, 40 шақырымға асыру туралы ереже сол күйінде қалады. Жтым қатты асырғандар үшін тәртіп қатаңдайды. Мәселен, қаладағы шектеу сағатына 60 шақырым болса, кейбір жүргізушілер 120-ға дейін жылдамдықты арттырады. Міне, заң осыларға қатысты. Тталқыланып жатқандықтан, нақты қандай айыппұл салынарын айта алмаймыз. Ол өзгеруі мүмкін", – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.