Күн сайын 137 қыз бен әйел өз жақындарының қолынан қаза табады – БҰҰ есебі
2024 жылы әлемде 50 мың әйел мен қыз өздерінің интимдік серіктестері немесе отбасы мүшелері тарапынан өлтірілген. Бұл – әр 10 минут сайын бір әйелдің қаза табуы деген сөз. Мұндай деректер әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою халықаралық күніне орай БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен "БҰҰ-әйелдер" құрылымы жариялаған жаңа баяндамада келтірілді, деп жазды БҰҰ ресми сайты.
Халықаралық міндеттемелерге қарамастан, соңғы жылдары жағдай айтарлықтай жақсармаған. 2025 жылға арналған фемицид туралы есепке сәйкес, өткен жылы барлығы 83 мың әйел мен қыз қасақана өлтірілген, олардың 60 пайызы, яғни 50 мыңы – өз серіктестері немесе туыстарының қолынан қаза тапқан. Бұл күн сайын орта есеппен 137 әйел мен қыздың өліміне тең. Салыстырмалы түрде, ерлердің тек 11 пайызы ғана жақындары тарапынан өлтірілген.
"Фемицид аяқ астынан пайда болмайды. Ол көбіне бақылау, қоқан-лоқы, қудалау сияқты ұзаққа созылған зорлық-зомбылықтың соңғы кезеңі болып табылады, оның ішінде онлайн кеңістікте жасалатын қудалау да бар", – деді "БҰҰ-әйелдер" құрылымының саясат және бағдарламалар жөніндегі директоры Сара Хендрикс.
БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының міндетін атқарушы басшысы Джон Брандолино өкінішке қарай, үй әлі де көптеген әйелдер мен қыздар үшін қауіпті, тіпті өлімге әкелуі мүмкін орын болып қалып отырғанын және бұл есеп фемицидтің алдын алу және қылмыстық сот жүйелерінің тиімді әрекетін күшейту қажеттігін еске салатынын атап өтті.
Есепке сәйкес, жыныстық белгісі бойынша жасалатын адам өлтіру әлемнің барлық аймақтарында тіркелуде. Ең жоғары көрсеткіш Африкада (әр 100 мың әйел мен қызға шаққанда 3 жағдай) тіркелді.
БҰҰ өкілдерінің айтуынша, мәліметтердің көлемі мен сапасын арттыру – мәселенің нақты ауқымын бағалау, тиімді шараларды әзірлеу және әділ сотқа қол жеткізуді қамтамасыз етудің негізгі шарты.