Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына орай, Қазақстанда азот тотығын заңсыз пайдалану бойынша жауап берді. 

Еске салайық, депутаттар бұған дейін азот тотығы мейрамханаларда, барларда және түнгі клубтарда күлкі тудыру үшін қолданылатынын айтып, сынға алған болатын. 

"Азот тотығы – медициналық процедураларда қолданылатын күшті заттардың тізіміне енгізілгеніне қарамастан, мейрамханаларда, барларда және түнгі клубтарда "күлкі тудыратын шариктер" деп аталып, танымал ойын-сауық құралына айналды", – делінген депутаттар сауалында

Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл ретте, 2023 жылдан бастап азот тотығы адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсерін тигізетін, күшті әсер ететін заттардың тізбесіне енгізілгенін еске салды. 


Оқи отырыңыз: "Дешёвая эйфория". Чем грозит казахстанцам распространение и употребление "веселящих шариков"


Сондай-ақ, күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы және олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға қатысты заң 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. 

"Осылайша, қолданыстағы заңнама шеңберінде азот тотығының заңсыз айналымы үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік шаралары қарастырылған. Бұған қоса, 2026 жылдан бастап құқық қорғау органдарының жедел іздестіру іс-шаралары аясында азот тотығын заңсыз пайдалану тұрғысынан мекемелерді тексеру жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта өңірлерде халықпен есірткіге қатысты құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру және қабылданған Заңның новеллалары бойынша түсіндіру жұмыстары белсенді жүзеге асырылуда", – деп жауап берді үкімет басшысы.