Костенко шахтасындағы жарылыс: апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды
Қарағанды облыстық соты Костенко шахтасында болған жарылысқа қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарап, бірінші сатыдағы үкімді күшінде қалдырды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Іс шахта директоры, оның орынбасарлары, бас инженер, учаске басшылары және тау-кен жұмыстарындағы қауіпсіздікке жауапты өзге де тұлғаларға қатысты қозғалған. Тергеу барысында өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылуы жарылысқа себеп болғаны анықталған.
Апат салдарынан 46 шахтер қаза тауып, тағы 26 адам жарылыс толқыны мен көмір шаңының жануынан шыққан көмірқышқыл газы әсерінен ауыр және орташа деңгейде жарақат алды.
Бұған дейін сот барлық айыпталушыларды ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырған. Сонымен қатар, олар үш жыл мерзімге тау-кен саласында басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. Апелляциялық алқа сотталғандар мен қорғаушылардың шағымдарын қарап, үкімді өзгертуге негіз жоқ деген шешімге келді. Осылайша, сот үкімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, Қарағанды көмір бассейніндегі ең ірі трагедия 2023 жылғы 28 қазанда болды. Сол түні сағат 02:36-да Костенко шахтасында 700 метр тереңдікте метан-әуе қоспасы тұтанып, артынан жойқын жарылыс орын алған.