Көші-қон бақылауы күшейді: 132 шетел азаматы елден шығарылды
Алматы қаласында өткен республикалық "Мигрант" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды. Төрт күнге созылған рейд барысында көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтау және алдын алу бойынша ауқымды тексерулер жүргізілді, деп хабарлайды ІІМ.
Нәтижесінде 1 040 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 132 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды.
Полиция мәліметінше, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі шетел азаматтарының елде болу тәртібін сақтамауына байланысты. Осы санат бойынша 811 шетелдік жауапқа тартылған. Сонымен қатар, шетел азаматтарының заңды түрде болуын қамтамасыз етпегені үшін 198 қабылдаушы тұлға жазаланды. Ал шетелдік жұмыс күшін тарту талаптарын бұзған 31 жұмыс берушіге қатысты шаралар қабылданды.
"Іс-шара барысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастыру дерегі әшкереленіп, аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұдан бөлек, мемлекетаралық іздеуде жүрген екі шетел азаматы ұсталды", – делінген хабарламада.
Полиция өкілдерінің айтуынша, көші-қон саласындағы бақылау, қоғамдық тәртіпті сақтау және заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.