Көпқабатты үйлерді заңсыз салып, ақша жымқырған басшылар сотталды
Ақтауда көпқабатты үйлерді заңсыз салып, алаяқтық жолмен ақша жымқырған құрылыс компаниясының басшылары сотталды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Олар үй аламын деген 600-ге жуық үлескерден алдын ала қаражатты санап алған. Шығын көлемі 5,5 милииард теңге.
Тергеудің мәліметінше, серіктестік басшылары "Сұлтан", "Аққала" және "Мұрагер" тұрғын үй кешендерін салуды бастаған. Бірақ компанияның құрылыс жүргізуге лицензиясы мен жобалық-сметалық құжаттамасы да болмаған. Бір сөзбен айтқанда, жауапты басқармадан рұқсат алмай іске кіріскен. Ол аздай, сотталушылардың үлескерлерден алған 2 миллиардқа жуық ақшаны жалған акті арқылы кассадан қолма-қол түрінде шығарғаны анықталды. Осылайша, бас-аяғы төрт адам халықтың баспанаға деп тірнектеп жинаған қаражатын қалтасына басқан.
"Тергеу барысында бес жер учаскесі және 47 автокөлікке тыйым салынды. Сот үкімімен компания басшылары 3,5 жылдан 6,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар зардап шеккен адамдардың шығынын өтеу үшін 1 миллиард теңге тұратын мүлік тәркіленіп, өтемақы ретінде аударылды", – деді ҚР қаржылық мониторинг агенттігінің басқарма басшысы Салтанат Көшербаева.