Көпбалалы отбасылар жәрдемақыға өтінішті банктердің ұялы қосымшасы арқылы бере алады
Жалпы қазір тұтынушыларға 48 қызмет қолжетімді.Енді көпбалалы отбасылар жәрдемақы алуға өтінішті банктердің мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейін бірге тұратын студент балалары бар отбасы көпбалалы болып есептеледі. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары және "Электрондық үкімет" порталы, сондай-ақ проактивті түрде SMS-хабарлама жауап беру арқылы өтінім білдіруге болады.
"Азаматтарға әлеуметтік-еңбек саласының қызметтеріне қолжетімділікті арттыру бойынша түрлі платформада жұмыстар жүргізілуде. 2021 жылдан бастап ЕДБ арқылы 9 қызмет іске асырылып жатыр. Көпбалалы отбасына жәрдемақы алуға өтінім беру қызметі биылға қосылған үшінші қызмет түрі", – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Оқи отырыңыз: Аттестат пен дипломды қатар береді: Биыл Астанада алғаш рет эксперименттік білім бағдарламасына 270 оқушы қабылданады
Бүгінгі таңда өтініш беру мүмкіндігі Halyk мобильді қосымшасында "Мемлекеттік қызметтер" бөлімінде пайда болды. Мобильді қосымша арқылы аталған жәрдемақыны тағайындау үшін қызметті тек 18 жасқа дейінгі балалары бар көпбалалы отбасылар ала алады.
"Біз өз қосымшамызға халыққа ыңғайлы мемлекеттік сервистерді қосу бойынша жоспарлы түрде жұмыс істеп жатырмыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Halyk қосымшасында бала тууға және бала күтімі бойынша жәрдемақы, АӘК мәртебесі, жұмыссыз азаматтар туралы мәліметтер және т.б. қызметтер бар екенін атап өткім келеді. Жалпы қазір тұтынушыларға 48 қызмет қолжетімді. Біз осы бағытта жұмысты жалғастырамыз", – деді Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев.