Конституциялық кеңес президент өтініші бойынша шешім қабылдады
Конституциялық кеңес президенттік мандатты бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеу конституциялық новеллалардың мәніне сәйкес келетінін хабарлады.Конституциялық кеңес республика президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңы жобасының Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтініші бойынша шешім қабылдады, деп хабарлады Конституциялық кеңес.
"Конституциялық Кеңес президенттік мандаттың бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеу ағымдағы жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда қабылданған мемлекеттік билікті монополизациялауға жол бермеуге бағытталған конституциялық новеллалардың мәніне сәйкес келеді, деп есептейді. Бұл мерзім аталған жоғары лауазымды тұлға лауазымына сайланатын барлық адамдарға тең негізде қолданылатын болады. Онымен Конституциялық Сот судьяларының бір мәрте сегіз жылдық өкілеттік мерзімін анықтау үйлеседі", – делінген хабарламада.
Конституциялық кеңестің шешімі бойынша:
- "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, соның ішінде Негізгі Заңның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға, сәйкес деп танылады;
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің қорытындысы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаттары Конституцияға өзгерісті президент сайлауына дейін енгізу қажеттігін айтты