Көлікті 5 минуттан артық қыздырғанға айыппұл: Кінәлілер жауапқа тартылды
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында көлікті 5 минуттан артық қыздырғанға айыппұл салу мәселесіне қатысты түсіндіріп, бұл ретте қате айыппұл салып үлгерген полиция қызметкерлері жауапқа тартылғанын хабарлады. Атап айтқанда, бұған дейін Алматы қаласы мен Жамбыл облысында полиция департаментінің қызметкерлері көлік жүргізушілеріне айыппұл салған болатын.
Ішкі істер министрлігі аталған фактілер бойынша уақтылы қызметтік тексерістер жүргізгенін және қызметтік тексеріс нәтижелері бойынша кінәлі қызметкерлер қатаң жауапкершілікке тартылғанын айтқан деген министр қоғамда алаңдаушылық тудырған мәселенің мән-жайын түсіндірді.
"Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының 88-тармағының бесінші тармақшасына сәйкес, егер тұрғындарға қолайсыздық келтіретін болса, елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тоқтап тұруына тыйым салынады. Тоқтап тұру – көлік құралының жүрісін жолаушыларды отырғызуға немесе түсіруге не көлік құралын тиеуге немесе түсіруге байланысты емес себептер бойынша бес минуттан асатын уақытқа әдейі тоқтату", – деді Ержан Сәденов.
Оқи отырыңыз:
- Алматыны "түтіндетіп" жүрген көліктер қала ішінде тексерілетін болады
- 2025 жылы утиль алымы, көлікті тіркеу құны және айыппұлдар қаншалық өседі
Сәйкесінше, егер көлік құралы жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен бес минуттан артық тұрса және бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса, ҚР ӘҚБтК 597-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамы қаралады.
Министр ішкі істер органдары азаматтарға осы бұзушылық үшін жаппай айыппұл салуды мақсат етпейтінін еске салды.
"Аталған бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары келіп түскен кезде және бұзушылық туралы дәлелдер болған кезде ғана қозғалатынын атап өтеміз. Қазіргі уақытта ІІМ жол қозғалысы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енгізу мәселесін қарауда", – деді ішкі істер министрі.