Қызылорда облысында көкпар ойыны кезінде көлік бірнеше атты қағып кетті. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.

CMN.KZ Telegram арнасының хабарлауынша, жүргізуші көлікті көкпар өтіп жатқан алаңға айдап кіріп, бірнеше атты соққан.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 1 қарашада Шиелі ауданының Алғабас ауылында болған. Көкпарды ауыл тұрғыны ұйымдастырған.

"Ойын кезінде 102 арнасына ешқандай хабарлама түскен жоқ. Қазіргі таңда бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Көлік жүргізушісі анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу барысында оқиғаға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция кез келген спорттық, ойын-сауық немесе мәдени іс-шараны өткізу алдында уәкілетті органдарға алдын ала хабарлау қажеттігін еске салды. Іс-шараны ұйымдастырушы тәртіп бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.