Қазақстандықтар тегін IT білім ала алады
Жеке IT-мектептерден өтінім қабылдау 1 қыркүйекте басталады.Қазақстандық жекеменшік IT-мектептер мамандар даярлау үшін ваучерлер алуға өтінім бере алады. Өтінімді astanahub.com сайты арқылы беруге болады, деп хабарлады Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
"Tech Orda бағдарламасы бойынша барлығы 600 мың теңгеге дейін 3 мың ваучер бөлінеді. Өткен жылы біз осы бағдарламаны пилоттық жоба ретінде өткізіп, ол кезде біз 13 жекеменшік IT-мектепті қаржыландырдық, 100 студент білім алды. Әр студентке ваучер 600 мың теңгені құрады", – деп жазды министр.
Оқи отырыңыз: IT мамандығында оқитын студенттер ақы төленетін тағылымдамадан өте алады
Бағдат Мусин биыл ваучерлер санын арттыру жоспарланып отырғанын қосты.
"Президент 2025 жылға қарай кемінде 100 мың білікті IT-мамандарды даярлау міндетін қойған болатын. Олардың 20 мыңын біз Astana Hub Технопаркімен бірлесе отырып даярлайтын боламыз. Жас, креативті, бәсекеге қабілетті IT-таланттарды тәрбиелеу – уақыт талабы. Әлемде күннен-күнге жаһандық өзгерістер орын алуда, IТ және технологиялар саласында сапаға қойылатын талаптар өсуде. Сондықтан біздің еліміз үшін бұл өте маңызды. Tech Orda бағдарламасы – қазақстандықтар үшін сапалы IT-білімді тегін алудың бірегей мүмкіндігі. Бағдарлама болашақта көптеген сапалы IT-жобалар беретініне сенімдімін", – деді министр.
Айта кетейік, жеке IT-мектептерден өтінім қабылдау 1 қыркүйекте басталады.