Қазақстандағы сұңқарлардың саны 30 жылда 10 есе азайған
Жыл сайын он шақты сұңқар электр сымына қонып өледі.Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығының мәліметінше, тоқсаныншы жылдары 4-5 мың жұп болған сұңқардың саны қазір 10 есе азайған. Негізгі себеп – жыртқыш құстардың Араб Әмірліктеріне заңсыз тасымалдануы. Қызыл кітапқа енген бұл құс түрін аулауға тыйым салынғанымен, бірнеше мыңдаған сұңқар шетелге сатылған екен. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығының директоры Сергей Скляренконың сөзінше, елде сұңқар өсіретін жалғыз тәлімбақ бар. Тек осы тәлімбақтағы құстарды ғана сатуға рұқсат етілген. Аукционға түсетін бір сұңқар 10 мың доллардан астам ақшаға бағаланады.
"Бұрын оңтүстік-шығыстағы Сөгеті, Бұғыты, Торыайғыр тау тізбектерінде 50-ден астам жұп сұңқар болған еді, қазір 5-6 жұп қана қалған. Сұңқарлардың азаюына 10 киловольтты электр сымдары да себеп. Сымдардың арасы жақын болғандықтан, оған қонған құс дереу өліп қалады. Қазақстан аумағында жыл сайын 5 мың құс осы электр сымына қонып өледі. Оның 10-ы – сұңқар", – дейді Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығының директоры Сергей Скляренко.
Заң бойынша, сұңқарды заңсыз аулап, саудалағандар үстінен 339-бап бойынша қылмыстық іс қозғалады.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: