Қазақстанда жыл басынан бері 67 мыңға жуық жаңа көлік сатылған. Бұл өткен жылдан 1,5 есе көп
Шілдеде ең көп сатылған көлік маркаларының бестігінде Chevrolet, Hyundai, Kia, Lada және Toyota бар.Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметінше, 2021 жылдың шілде айында жаңа көліктердің сатылымы маусым айымен салыстырғанда біршама азайған. Алайда өткен жылдың шілде айымен салыстыратын болсақ аталмыш көрсеткіш 41,79%-ға жоғары. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Жалпы әлем бойынша машина өнеркәсібі әлі де электрондық жиынтықтардың тапшылығын көруде. Қазақстандық автобизнес қауымдастығы сарапшыларының пікірінше, алдағы айларда әлі де автомобиль тапшылығы болады. Бұл Қазақстанға бағытталған жеткізілімдерге де әсер етеді. Қытай арқылы қазақстандық жүктердің транзиті бойынша жеткізілімдерді шектеу мәселесі де айтарлықтай қиындық тудырып отыр.
Бүгінгі таңда бұл жайт қазақстандық өндірушілермен қатар импорттаушыларды да алаңдатады. 2021 жылдың шілде айында қазақстандық дилерлер 10 301 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника, сондай-ақ, 367 жүк көлігі, арнайы техника мен автобус сатты.
Жалпы жыл басынан бері 66 946 техника сатылды, бұл 2020 жылдың қаңтар-шілде айларына қарағанда 53,1%-ға көп.