Қазақстанда жаңа жедел хабарлау жүйесі енгізілуі мүмкін
Бұл тәсіл миллиондаған елді белгілі бір аумаққа төнген қауіп туралы ақпараттандыруға мүмкіндік береді.Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елімізде «Cell broadcast» жедел хабарлау технологиясын енгізуді ұсынып отыр. Оның пікірінше, жаңа жүйе дәстүрлі SMS-хабарламаларға қарағанда тиімдірек, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бұл тәсіл миллиондаған елді белгілі бір аумаққа төнген қауіп туралы ақпараттандыруға мүмкіндік береді. Бір реттік SMS-ескертулерден де басты айырмашылығы – осы. Технологияны енгізу үшін алдымен ақпараттық жүйе әзірленуі тиіс. Сосын барлық ұялы байланыс операторларымен интеграция жасалады.
Бастысы, жүйені тек жерасты дүмпулері кезінде ғана емес, су тасқыны, өрт немесе террористік шабуылдар кезінде де қолдануға болады. Демек, әп-сәтте-ақ қауіпті аймақтағы адамдарға хабарлама жіберіледі. Десе де, сейсмикалық белсенділікті анықтау жүйесі мен жедел жаппай ескерту технологиясы арасында айырмашылық бар. Өйткені, алғашқысы дүмпуді нақтылауға арналған жабдықты, кейінгісі Cell broadcast технологиясын пайдаланады.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы зілзаладан кейін жылжымайтын мүлігін сақтандырғандар саны күрт артты
Жуырда бұл кереғарлық та жойылатын секілді. Қазір Алматы әкімдігі детекция жүйесін толыққанды іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ол дайын болған соң Cell broadcast жүйесімен интеграция жүргізілмек. Жобаға қажетті қаржы бөлінсе, министрлік жүйені екі ай ішінде іске қосуға дайын.