Қарағандыда 40-тан астам үлескер құрылысы аяқталған баспаналарына кіре алмай жүр
Компания алты қабатты үйді салу үшін тиісті басқармадан рұқсат қағаз алмаған.Шенеуніктер үйді сүру мақсатында құрылыс компаниясын сотқа берген. Ал үлескерлер енді не істерлерін білмей отыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Алты қабатты үйдің құрылысы 99% дайын. Жаңа баспананың кілтін алып, қоныс тойын тойлаймыз деген 40-тан астам үлескер қазір соттың табалдырығын тоздырып жүр, себебі көп пәтерлі үй рұқсатсыз салынып жатыр.
"Хан" тұрғын үйіне біз қазандық салынып жатқан кезден бастап ақшамызды салғанбыз. Мен өзім 25 миллион теңге салдым. Салынып тұрған үйді неге бұзатын болып жатыр? Мен өзім көп балалы анамын. Балаларымды тастап, соттан сотқа барып жүрмін", – деді үлескер Алтынай Пернебайқызы.
Құрылысты бақылау басқармасындағылар компанияның құрылысқа қажетті рұқсат қағаздары толық емес екенін айтты. Шенеуніктер сотқа жүгініп, компанияға құрылысты тоқтату керектігін ескерткен. Ал компания ескертуді елемей, үйдің қабырғасын көтеруді жалғастырған.
Оқи отырыңыз: Атырау облысында үлескерлер екі жылдан бері үй ала алмай жүр
"2022 жылдан бастап 2023 жылдың сәуір айына дейін, нақтырақ айтсақ, төртінші қабатқа дейін ешқандай РҰҚСАТ құжатсыз жұмыс жалғаса берген. Авторлық және техникалық қадағалау жұмыстары нақтыланбай жатыр. 2022 жылы соттың шешімімен құрылыс, монтаж жұмыстары тоқтатылуы керек еді, бірақ мердігер ұйымы оны тоқатқан жоқ", – деді Қарағанды облысы құрылысты бақылау басқармасының бас маманы Думан Қасымжанов.
Үлескерлерден ақшаны алдын ала жинап алған құрылыс компаниясының өкілдері сұхбат беруден бас тартты. Жауапты басқарма үйді сүруге қатысты арыз-шағым сотта қаралып жатқанын жеткізді. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды.