Кепілсіз банк кредиттерінің жылдық сыйақысының шекті мөлшері төмендейді
Қазіргі таңда оның шекті мөлшері 56 пайыз болса, ол енді 42 пайызды құрамақ.Қазақстанда банктер мен микроқаржылық ұйымдар беретін несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері өзгереді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен бұйрығының жобасынан белгілі болды.
Бұл құжат арқылы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің келесі шекті мөлшері бекітілмек:
- кепілсіз банктік қарыздар бойынша 42 пайыз (бұрын 56 пайыз);
- кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыздар бойынша 40 пайыз (өзгеріссіз);
- ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 25 пайыз (өзгеріссіз);
- микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер бойынша – 50 пайыз (бұрын 56 пайыз).
Оқи отырыңыз: Қазақстанда төлемін 90 күн кешіктірген адамға несие рәсімдеуге тыйым салынады
"Банктік қарыз шартын, микрокредит беру туралы шартты жасасу, банктік қарыз, микрокредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі өзгерген және банктік қарыз берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты жаңа комиссиялар мен өзге төлемдер енгізілген күні жылдық сыйақы тиімді мөлшерлемесі осы тармақта бекітілген шекті мөлшерден асып кете алмайды", – делінген құжат жобасында.
Бұйрық күшіне енген сәттен бастап бұған дейінгі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің келесі шекті мөлшері белгіленген Ұлттық банкі басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 377 қаулысының күші жойылады.