Кене шаққан жағдайда не істеу керек? Алматы дәрігерлері түсіндірді
Алматы тұрғындары кене энцефалитіне қарсы вакцинация мәселесі бойынша кеңес алып, кене шаққан жағдайда қайда жүгіну қажет екенін 1312 жедел желісі арқылы біле алады. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, кене шаққаннан кейін алғашқы 96 сағат ішінде міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет. Себебі осы уақыт аралығында кенеге қарсы иммуноглобулин енгізу ең тиімді нәтиже береді.
Басқарма мәліметінше, шұғыл көмек — кенені алып тастау және иммуноглобулин енгізу — қалалық ауруханалардың травматологиялық пункттерінде көрсетіледі.
- Алмалы және Бостандық аудандарының тұрғындары Жандосов көшесі, 6 мекенжайында орналасқан Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жүгіне алады.
- Түрксіб және Жетісу аудандары бойынша көмек Папанин көшесі, 220 мекенжайындағы №4 қалалық клиникалық ауруханасында көрсетіледі.
- Әуезов, Алатау және Наурызбай аудандарының тұрғындары Қалқаман шағынауданы, 20 мекенжайында орналасқан №7 қалалық клиникалық ауруханаға бара алады.
- Ал Медеу ауданының тұрғындары Қазыбек би көшесі, 96 мекенжайындағы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жүгінуге тиіс.
18 жасқа дейінгі балаларға, тұрғылықты ауданына қарамастан, шұғыл профилактика Манас көшесі, 40 мекенжайындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында жүргізіледі.
Дәрігерлер кене энцефалитінің алдын алудың ең сенімді жолы вакцинация екенін атап өтті. Қазіргі уақытта қала емханаларында 16 жастан асқан азаматтарға арналған ТикоВак вакцинасы қолжетімді.
Сонымен қатар медициналық ұйымдарда кене шаққаннан кейінгі шұғыл профилактика үшін қажетті иммуноглобулин мен вакцинаның жеткілікті қоры бар екені айтылды.