Кәсіптік-техникалық білім: 2027 жылға қарай дуалды оқу үлесі 50 пайызға дейін артады
Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 2027 жылға қарай мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында дуалды оқу форматында білім алатындар саны 50 пайызға дейін артады. Бұл туралы ол Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы әзірленген. Оның аясында білім беру ісіне серіктес кәсіпорындарды тартуға көңіл бөлінеді.
Қанат Бозымбаевтың мәліметінше, серіктес кәсіпорындардың, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорындардың тапсырысы бойынша мақсатты түрде кадр даярлау колледждерде белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл серіктестік аясында кәсіпорындар студенттердің тәжірибеден өтуіне және кейін жұмысқа тұруына кепілдік береді.
Мақсатты тапсырыс аясында 30 мың студент білім алып жатса, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2 мыңнан астам студент оқып жатыр.
"Қазіргі таңда 552 колледжде 108 мыңнан астам студент дуалды оқумен қамтылған, оның ішінде 8,4 мыңы ауыл шаруашылығы саласы мамандықтары бойынша білім алып жатыр", – делінген премьер-министрдің орынбасарының жауабында.
Оқи отырыңыз: Білім сапасы мен адами капиталды арттыруда әлеуметтік бастамалардың маңызы қандай