Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елордада жұмыс істеп тұрған шағын орта бизнес субъектілерінің саны – 226 379. Онда 499 445 адам жұмыс істейді. Бұл – белсенді халықтың 72,8%-ын құрайды.

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаровтың айтуынша, шағын орта бизнес объектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін әкімдік кәсіпкерлерді қолдау бойынша бірқатар шаралар жүргізуде. Оның ішінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегіұлттық жоба шеңберінде 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік гранттар беруді жеке кәсіпкерлерге, субъектілерге ұсынады.

"​Ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес конкурстық іріктеуге қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне кіретін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасына қатысушылар және экономика басым секторлар шеңберінде қызметін жүзеге асыратын, тіркеу мерзімі 3 жылдан аспайтын басқа да дара кәсіпкерлер болуы мүмкін", – деді Қуаныш Сапаров.

​Конкурс жыл сайынғы негізде өткізіледі. 2023 жылы өтінімдерді қабылдау 7-16 тамыз күндері kezekte.kz ақпараттық платформа арқылы өтті. ​Барлығы 1971 өтінім келіп түсті, бұл ретте конкурстық комиссия алдында қорғауға 1118 өтінім жіберілді.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда Әйелдер кәсіпкерлігі комитеті құрылды.