"Капитан Байтасов", "Алан туралы аңыз" және "Игроманка": Биыл питчингтен ұтқан фильмдер не туралы?
Биыл конкурстан өткен 19 киножобаның түсіріліміне дайындық басталды.Олардың қатарында 2011 жылы Таразда лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасов туралы "Капитан Байтасов" фильмі бар. Авторлар бұл туынды арқылы ел тыныштығын қорғау жолында өмірін қиған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің батылдығын дәріптемек. Бұл туралы "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының" баспасөз қызметі хабарлады.
Ал "Алан туралы аңыз" анимациялық фильмі балаларды Отанды сүюге, достыққа адал болуға және мейірімділікке шақырады. Қазіргі қоғамның дертіне айналған лудомания тақырыбын қозғайтын "Игроманка" жобасы да көрерменге ұсынылады. "Қайрат" фильмі жастардың салауатты өмір салтын ұстануға және спортқа деген құлшынысын оятады.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали питчингтен өткен киножоба авторларымен кездесті. Ол шығармашылық топ өкілдерін бөлінген қаражатты мақсатты жұмсап, сапалы туынды түсіруге шақырды. Әрі орталық мамандары тарапынан барлық жоба алғашқы күннен, яғни "тарелка сындырудан" бастап, премьераға дейін бақылауда болатынын ескертті.
"Бұл фильмдер бюджет есебінен түсірілетіндіктен, ертеңгі күні міндетті түрде халықтың сұрауы болатынын ұмытпаңыздар. Сондықтан, бөлінген әр тиынды есеппен, мақсатты жұмсауды сұраймын. Біз өз тарапымыздан әр жобаның басы-қасында боламыз. Фильмдер сапалы болуы тиіс. Тек фестивальдерде топ жарып қоймай, өз алдына табыс әкелетін деңгейге жетуі керек", – деді Құрманбек Жұмағали.
Оқи отырыңыз: Режиссер: Қазақ хандары емес, батырлары туралы фильмдер түсіру қажет
Киноорталық басшысы авторларға қазірден бастап жобаларын жарналамауды және маркетинг жоспар жасауды тапсырды. Қысқаметражды және деректі фильм авторлары осы бастан отандық телеарналармен келісіп, түсірген туындыларын көгілдір экранға шығару жағын ұйымдастыруы керек. Ал толықметражды картиналардың премьерасы Астана мен Алматы қаласында қатар өтуі қажет.
"Кино – жай ғана өнер емес, қоғамның ұлттық идеологиясын қалыптастыратын мықты құрал. Сондықтан, әр жобаның ұлттық идеологияға сай болуын қадағалаймыз. Жаңа туындыларда ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететін, көрерменге ой салатын идеялар дәріптелетін болады", – деді Құрманбек Жұмағали.