Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Алматы облысының аймақтық коммуникациялар қызметінде Талғар ауданындағы қылмыстың тергеу барысын баяндады.

"Бұл қайғылы оқиға бәрімізді бей-жай қалдырмады. Әр әке-шешеге баласын жоғалту үлкен қайғы. Бірақ бүгін бәрімізге әділ және объективті тергеу жүргізу қажет. Кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың өлімі бойынша тергеу қарқынды түрде жүріп жатыр. Біздің тарапымыздан тергеу іс-шараларының заңдылығы мен толықтығы объективті қадағалау қамтамасыз етілуде. Тергеу сатысында ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ. Сот процесінің ашықтығы жөніндегі мәселе бойынша прокуратура сотқа өтінішхат енгізу қарастырылады", – деді Берік Адамов.

12 қазанда Талғар қаласында жанжал кезінде қайтыс болған Шерзат Болаттың үйі өртенді. Бас прокурор бұл істі өзінің бақылауына алып, қылмыстық іс қозғалды.

"Біз, сондай-ақ, оның отбасы тұрған үйдегі өрттің себебін белсенді түрде зерттеп жатырмыз. Өрт болған жерде маңызды дәлелдер жиналып, 600-ден астам адам сұралды. Оқиғаның қалай болғанын нақты анықтау үшін бірнеше сараптама анықталды. Мамандар үйдің сыртынан басталғанын, оқыс жағдай болмағанын және сыртқы өрт көзі қолданылғанын алғашқы қорытынды ретінде шығарды. Оқиға орнынан табылған канистр мен резеңке қолғаптарға зерттеу жүргізіліп жатыр. Шығын көлемі анықталып жатыр. Бұл істі ашық әрі объективті түрде жүргізуді жалғастырамыз. Жаңа деректер пайда болған сайын сіздерді хабардар етіп отырамыз. Әділдік орнату және кінәлілерді табу үшін қазір жұмыс істеп жатырмыз", – деді Алматы облысының прокуроры.

Берік Адамовтың сөзінше, жәбірленушінің туыстары және жақындары тәулік бойы күзетке алынған.

"Мен Шерзаттың туыстары мен жақындарының жағдайын түсініп сабырлыққа шақырамын. Бәрінен асығыс қорытынды жасамауды, сарапшылардың нәтижелерін күтуді және тергеу тобына барлық қажет іс-шараларды толықтай жүргізуге мүмкіндік беруді сұраймын. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жалған ақпарат толқынына назар аударғым келеді. Кейбіреулері митингіге және өзіндік сот әркеттерге шақыра отырып жағдайды ушықтырып жатыр. Бұл біздің жұмысымызға тек кедергі келтіреді. Барлығын тек ресми ақпарат көзіне сенуге және сабыр сақтауға шақырамын. Қылмыстық істерді тергеу барысы менің және бас прокурордың бақылауында тұр", – деді  Алматы облысының прокуроры Берік Адамов. 

Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласында болған қайғылы оқиға – кәмелет жасына толмаған Шерзат Болаттың өлімі қоғамдық резонанс тудырды. Осыған байланысты жеті адам қамауға алынды. Бұл істі бас прокурор мен ішкі істер министрі өз бақылауына алды.

Кейін, 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Үй сыртынан канистр мен резеңке қолғап табылған.

Қалада қоғамдық тәртіпті Ұлттық ұлан әскері қадағалауда.