Ішкі істер министрлігі төрт айда шамамен 3,5 тонна есірткі тәркіледі
Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері төрт айда шамамен 3,5 тонна есірткі тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Төрт айда 3 мыңға жуық есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Оның ішінде 828 сату фактісі бар. Заңсыз айналымнан шамамен 3,5 тонна есірткі тәркіленді: 259 кг синтетика, екі тоннаға жуық марихуана, 303 кг гашиш. 83 есірткі зертханасы жойылды. Алты тоннаға жуық прекурсор тәркіленді", – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.
Оның айтуынша 20 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Заңсыз контент салған 11 мыңнан астам сайт, сонымен қатар 1 миллиард теңгеден астам сомаға 12 мың банк картасы мен шот бұғатталды. 1 783 адам ұсталды, оның 669-ы қамауға алынды.