Ішкі істер министрлігі дауыс беру кезінде қоғамдық тәртіпті бұзылмағанын хабарлады
Референдум учаскелеріндегі оқиғаларға уақтылы әрекет ету үшін әрбір ауданда мобильді жедел-тергеу топтары құрылған.Референдумға байланысты ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген тәртіпте қызметін атқарып жатыр, деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
"Ішкі істер министрлігі Республикалық референдумның өткізілуі кезінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды жалғастырып жатыр. Осыған дейін айтқанымыздай, ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген тәртіпте қызметін атқарып отыр. Қазіргі кезде тәртіп сақшылары дауыс беру учаскелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тәулік бойы кезекшілікте тұрады", – деді Шыңғыс Алекешев.
Оның сөзінше, полицияның жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камераларының көмегімен референдум учаскелеріне іргелес аумақтарда бақылау күшейтілді.
Референдум учаскелеріндегі оқиғаларға уақтылы әрекет ету үшін әрбір ауданда мобильді жедел-тергеу топтары құрылған.
"Жалпы, қазір референдум учаскелерінде жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ. Ішкі істер министрлігі ел тұрғындары мен қонақтарын заңды сақтауға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қауіпсіздік іс-шараларына түсіністікпен қарауға шақырады.Қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда, ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне немесе "102" байланыс желісіне хабарлау қажет", – деді ресми өкіл.