Алматы облысында жалдамалы ғимаратта отырған бүтін бір ауданның жедел жәрдем қызметі жуырда далада қалуы мүмкін. Өйткені нысанды қолдануға берген кәсіпкер "келісімшарт аяқталды" деп фельдшерлер мен жүргізушілерді сыртқа қуып жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Тұрақты мекенжайсыз қалған жедел жәрдем қызметінің бүгінде паналаған ғимараты бұрын музыка мектебі болған. Медициналық жабдықтарды сақтайтын қойма мұнда жоқ. Содан да шығар қазір дәрі-дәрмек пен алғашқы көмек көрсетуге қажет заттың бәрі күйсандық тұрған акт залында жатыр. Әзірге Қарасайдың жедел жәрдем стансасы саналатын бұл ғимарат біріншіден ескі, екіншіден іші тар. Қызметкерлердің айтуынша, бұл жерге келіп тынығу былай тұрсын, отырудың өзі мүмкін емес. Қуыс-қуыста тығылған егеуқұйрықтар түскі асымызды, одан қалса сақтап отырған дәріміз бен киімімізді кеміріп кетеді дейді.

"Бір жыл бұрын осы жерге алып келді. Бұған дейін "Таң дастархан" деген кафеде бір айдай тұрдық. Мына ғимараттың өзінде бізде қазір ешқандай жағдай жоқ. Шынын айтсақ, іші толған егеуқұйрық. Дәретхана біреу, оған әйелдер де, ерлер де кіреді. Кейде кезекте тұратын кезің болады", – деді Қарасай ауданы жедел жәрдем бөлімшесінің қызметкері Олжас Аманқосов. 


Оқи отырыңыз: Алматы облысында алма бақтарының ауданын 1036 гектарға жеткізу жоспарланып отыр


Ал Алматы облыстық жедел жәрдем стансасы директорының сөзіне сенсек, бүгінде ғимаратсыз көшіп-қонған қызметкерлерге жеке нысан салуға жер телімі табылған. Бірақ құрылысы қашан басталып, қашан қолданысқа берілетіні әлі белгісіз. Ал оған дейін жалдауға болатын ғимаратқа орналасып амалдай тұрамыз дейді жауаптылар.

"1,5 ай болды іздеп жатқанымызға. Енді порталға да қоямыз. Бізге қажетті квадратурамен ғимарат табу мүмкіндігі болмай жатыр. Қазір аренда жағын біз реттейміз. 1 қазанға дейін табамыз бір ғимаратты", – деді Алматы облысы жедел жәрдем стансасының директоры Есхат Жантоков. 


Оқи отырыңыз: "Алматыда атыс дыбыстары естіледі". Әкімдік қала тұрғындарына үндеу жасады


Қызметте болуы тиіс 28 бригаданың тең жартысы бүгінде машиналары бұзылып, шақыртуға бара алмайды. Ал бұған дейін мейрамханада, кейін музыка мектебіне орналасқан жедел жәрдем енді қандай ғимаратта отыратыны өздеріне де жұмбақ.