Жаңа талапқа сәйкес, ірі қара мен ұсақ малды сайын далада бақылаусыз қалдырғандар енді айыппұл арқалайды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ішкі істер министрлігі бұл ереже мал ұрлығын тыюға септігін тигізетінін айтты. Қазақстанда мал ұрлығы жалпы қылмыстың 3 пайызын құрайды. Баукеспелер көбіне қараусыз жайылып жүрген малдарды ұрлап әкетеді екен.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы болған мал ұрлығының 90%-ы түлікті қараусыз қалдыру себебінен болған. Шаруалар шығынға батпас үшін жауапты ведомство әкімдікпен бірлесіп, малды жаю ережелерін бекітті.


Оқи отырыңыз: Павлодар облысында қараусыз жүрген 180 жылқының иесі жауапқа тартылды


Енді жылқы, сиыр мен қой-ешкісін бақылаусыз қалдырғандар 10 мың теңгеден 40 мың теңгеге дейін айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жалпы, мал ұрлығы үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.