Илон Маск SpaceX пен xAI-ды біріктірді. Жасанды интеллект ғарышқа шыға ма
Илон Масктың SpaceX ғарыш компаниясы оның жасанды интеллект саласындағы xAI компаниясын сатып алды. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Құжатта жасанды интеллект жүйелерін дамыту көп көлемде энергияны қажет ететіні және мұндай инфрақұрылымды Жер бетінде қоршаған ортаға зиян келтірмей орналастыру үшін ресурстардың жеткіліксіз екені атап өтілген. Компаниялардың бірігуі болашақта жасанды интеллектке арналған деректер орталықтарын ғарышта орналастыруға мүмкіндік береді. Ондай орталықтар толықтай күн энергиясымен жұмыс істей алады. Біріктірілген компания акцияларының бір данасы шамамен 527 доллар деп бағаланып, жалпы нарықтық құны 1,25 триллион долларды құрайды.
Илон Масктың айтуынша, SpaceX пен xAI-дың бірігуі зымыран технологияларын, спутниктік байланысты, жасанды интеллект пен ғарыштық деректерді өңдеу инфрақұрылымын біріктіретін кешенді инновациялық экожүйе қалыптастырады.
Айта кетейік, xAI бұған дейін Маскқа тиесілі X әлеуметтік желісімен біріктірілген болатын.