Грузия Қазақстанға ет, сүт, тері, жүн және басқа да мал өнімдерін экспорттауға көмектеседі
Грузияда өткен Dala.Camp Georgia халықаралық мал шаруашылығы форумында Қазақстан мен Грузия мал шаруашылығындағы ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде тиімділікті арттыру және шаруашылықтарды азықтандыру мен басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу жөнінде келісімге келді. Бұл құжат қазақстандық мал шаруашылығы өнімдері – ет, сүт, тері, жүн және басқа да өнім түрлерін экспорттауға жәрдемдесуді көздейді.
Ынтымақтастық жемшөп өндірісі, генетика, ветеринария және фермаларды басқарудағы технологиялар алмасуды, сондай-ақ бірлескен білім беру бастамаларын қамтиды. Ал жақын арада Грузияның салалық министрлігімен жеке меморандумға қол қою жоспарланып отыр.
"Бүгінде Қазақстан мал шаруашылығын дамытудың ашық, технологиялық және экспортқа бағдарланған жаңа моделін қалыптастырып жатыр. Біз білім алмасудан – бірлескен жобаларға, диалогтан – нақты жеткізілімдер мен серіктестіктерге бағытталған жүйелі жұмысты жүргізіп жатырмыз", – деді Turan мал шаруашылығы қауымдастығының басшысы Жәнібек Кенжебаев.
Форумда өзге елдердің өкілдерімен қатар, қазақстандық шаруалардың да үздік тәжірибелері мен кейстері талқыланды.
Сондай-ақ, 1 мамырда Қазақстанда Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы басталатыны белгілі болды. Астанада бастау алатын жоба Қазақстанның кемінде 10 өңірін қамтиды, 40-қа жуық қатысушыны біріктіреді және реалити-шоу элементтері бар далалық білім беру медиа жобасы форматында өтеді. Қатысушылар 6000 шақырымнан астам жол жүріп, жетекші шаруашылықтарға барады және сала бойынша практикалық тәжірибе алады.