Қостанайда бір жыл бұрын ашылған Дәстүрлі садақ ату клубы үш айдан бері мешіт ғимаратында жұмыс істейді. Бұған дейін спортшылар көпқабатты үйдің жертөлесінде жаттығып келген. Алайда спорт залын су баса берген соң бұл жерден көшуге тура келген, деп хабарлады Astana.tv.

"Сақ" ұлттық спорт мектебін ашқан Аяулым Аппазова өңірде ғимарат жалдау құны өте қымбат екенін айтады.

"Дәл қазір осы аренда мәселесі қинап тұр. Аренда Қостанайда қымбат. Olx-ке кірсеңіз, 300 шаршы метр бағасы 1 миллион теңге", – дейді клуб жетекшісі.

Спорт мектебінде қазір 12 бала жаттығады. Оқу ақысы – айына 10 мың теңге. Жиналатын қаражат жебе жаңалаудан да артылмайды.


Оқи отырыңыз: Спорт сарапшысы: Арена болмаса, спортшы қайдан шығады?


Спортшылардың мәселесіне тек облыстық мешіт басшылығы ғана назар аударып, қол ұшын созған. Қазір клуб мешіт асханасының орнын жаттығу залы ретінде пайдаланып отыр. Бұл бірақ уақытша шешім. Өйткені, мешіттегі құрылыс жұмыстары аяқталған соң, садақшылар ғимаратты босатуы керек.

"Үш айдың көлемі болды. Біз өзіміздің ғимаратымызды көмек ретінде ешқандай төлемақысыз қарындасымызға бердік. Қабырғаға зиян бермейтіндей ойластырып, төменгі қабаттағы мешіттің асханасын құрылыс толыққанды біткенге дейін ұсындық", – деді Қостанай облыстық мешітінің бас имамы Бақытбек Тәжімбет.


Оқи отырыңыз: "Садақ ату да – физика". Қазақстанда сұрмергендер қалай дайындалады?


Садақшылардың мәселесінен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы да хабардар. Алайда, басқарма клубқа ғимарат беру емес, Аяулымның өзін жұмыспен қамтуды ұсынып отыр.

"Аяулым қазір оқып жатыр. Келесі жылы диплом алады. Сол кезде ұлттық спорт мектебіне жаттықтырушы ретінде жұмысқа қабылдауға дайынбыз", – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елена Кереева.