Газ тарту үшін артық төленген 1,2 миллиард теңге қазақстандықтарға қайтарылады
Газбен жабдықтаушы компанияның филиалдарына 80 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.Қазақстандықтарға газбен жабдықтау қызметтері үшін төленген 1,2 млрд теңге қайтарылады, деп хабарлады Табиғи монополияларды реттеу комитеті.
Комитет Бас прокуратураның талабы бойынша "ҚазТрансГаз Аймақ" компаниясының филиалдарына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде тұтынушылардан газды ағызу, пломбалау және алғашқы іске қосу қызметтері үшін ақы алынатыны анықталды.
Бұл қызметтерге ақы төлеу талабы реттелетін қызметке қатысы жоқ қосымша ретінде квалификацияланады. Тиісінше, төлем сомасын есептеу негізсіз деп танылды.
Оқи отырыңыз: 2023 жыл қорытындысы: Жаңа кен орындары мен "Бейнеу – Жаңаөзен" газ құбырын іске қосу
Тексерулерден кейін компанияның филиалдарына жалпы сомасы 79,5 миллион теңге айыппұл салынды. Оларға тұтынушыларға ақшаны қайтарып қана қоймай, осы қызметтер үшін ақы алу тәжірибесін тоқтатуды бұйырды.