"Ғашықпын саған" фильмі көрерменге жол тартты
Ақпан айында "Dala Cinema" мен "MuzBel production" киностудиясы ұсынған мелодрама жанрындағы “Ғашықпын саған” фильмі жарыққа шықты. Бұл фильм көрерменге махаббаттың алып-ұшпа сезім емес, керісінше жауапкершілік пен таңдау екенін түсіндіреді. Түсірілім тобы қос ғашықтың хикаясын Алматы қаласымен байланыстырып, қаланың әсем көшелерін, көрікті жерлерін негізге алып түсірген.
Осы орайда Информбюро тілшісі фильмнің жабық көрсетіліміне барып, түсілім тобымен сөйлесті.
Идея қалай дүниеге келді?
"Ғашықпын саған" – режиссері Думан Еркімбек пен жары, сценарий авторы Назерке Базарбаева осыдан жеті жыл бұрын қыз бен жігіт болып жүріп бастағанда осындай фильм жазсақ деген армандары бүгінгі күні кинотеатрларда көрсетіліп жатыр
"Жұбайымыз екеуміз 7 жыл бұрын жүріп бастағанда, осындай фильм жазсақ деген ой туындады. Басынан ромком жанрында жазып бастадық. Кейіннен өзіміз есейе келе, фильмде есейді. Бұл фильм шын өмірден алынған, құрылымы мен хронологияны сақтауға тырыстық. Дегенмен фильмді "өмір" деп айта аламыз", – деді фильм режиссері және сценарий авторы Думан Еркімбек.
Оның айтуынша, фильмде ғашықтардың басынан өтетін түрлі қуаныш пен қиыншылықты еңсеруге болатын көріністер пен ой салатын идея бар.
Фильм продюсері Олжас Жақыпбек үшін бұл жоба – продюсерлік жолдағы алғашқы қадам.
"Киноның басты мақсаты біреуге тәрбие беру емес, оның мақсаты – ой салу, әсер ету. Сіздерге фильм әсер етіп, жүрекке жылы тиіп жатса, әрине, біз қуанамыз", – деді Олжас Жақыпбек.
Фильм не туралы ?
Еңлік – арман қуып, үлкен үмітпен Алматыға оқуға келген ауылдың қарапайым қызы. Қаланың қарбалас өміріне енді ғана үйреніп жүрген жас бойжеткен үшін тағдыр күтпеген сынақтар дайындап қояды. Отбасындағы жағдайдың қиындығы оны өз армандарын уақытша кейінге ысырып, күнкөріс қамымен жұмыс іздеуге мәжбүр етеді. Сабақ пен тіршілікті қатар алып жүру оңай болмай, ақыры ол оқуын тастауға тура келеді.
Алайда бұл ауыр шешіммен бәрі бітпейді. Кездейсоқ болған бір оқиға Еңліктің тағдырын тіптен басқа арнаға бұрып, оны университеттен шығарып жібереді. Осы шындықты анасына айтуға жүрегі дауаламай, ол бәрін ішіне сақтайды. Сырттай бәрі жақсы көрінгенімен, ішінде арпалысқан ой мен жалғыздық сезімі күшейе түседі.
Дәл осындай күйзелісті сәттердің бірінде Еңлік Арман есімді жас музыкантпен танысады. Бір түнгі кездейсоқ таныстық уақыт өте келе ортақ жұмысқа, ал кейін шынайы достыққа ұласады. Арман – өнерге ғашық, еркін рухты жігіт. Оның өмірге деген көзқарасы Еңлікке жаңа үміт, жаңа күш сыйлайды. Екеуінің арасындағы қарым-қатынас біртіндеп тереңдеп, достықтың орнын нәзік сезім — махаббат басады.
Оқи отырыңыз: Қазақ фильмдеріндегі Red және Green flag. Психологиялық терминдер қалай әлеуметтік трендке айналды
Дегенмен, үлкен қала тек әдемі армандардан тұрмайды. Алматының жарқыраған шамдары мен тынымсыз тіршілігі жас ғашықтарды ауыр таңдаулардың алдында қалдырады. Өмірдің қатал шындығы, жеке мақсаттар мен жүрек қалауы қақтығысқа түсіп, Еңлікті де, Арманды да өз тағдырын қайта таразылауға мәжбүр етеді. Бұл — махаббат пен арман, жауапкершілік пен үміт қатар сыналатын сәттерге толы хикая.
Бас рөлдерді отандық жас актерлер Жасұлан Көпберген және Шұғыла Ешенова сомдайды. Екінші планда Әбілмансұр Серіков, Аделина Ералиева, Бақытжан Балаханов, Сағызбай Қарабалинді көруге болады.