Астанада кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 25 және 26 сәуір күндері өтеді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, жәрмеңкеде Қазақстанның түрлі өңірінен келген фермерлер мен жергілікті өндірушілер өз өнімдерін ұсынады.

"Келушілер көкөніс пен жеміс-жидек, ет, ұн және сүт өнімдерін, сондай-ақ кондитерлік тағамдар, табиғи шырындар, тосаптар мен джемдер және басқа да азық-түлік түрлерін сатып ала алады. Іс-шара Keryen Joly сауда орталығы аумағында сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін ұйымдастырылады", – делінген хабарламада.

Келушілердің ыңғайлылығы үшін жәрмеңке өтетін орынға жақын маңнан №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 81, 307 және 317 бағыттар бойынша қоғамдық көліктер қатынайды.