"Ештеңе өзгермейді". Министрлік жедел жәрдем жұмысы туралы мәлімдеме жасады
Онда енді жедел жәрдем шұғыл емес шақыртуларға түнде бармайтыны айтылған.Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем жұмысы туралы қаулы жобасына қатысты түсініктеме берді.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем ережелеріне түзетулер жобасын дайындаған еді. Онда енді жедел жәрдем шұғыл емес шақыртуларға түнде бармайтыны айтылған.
Министрліктің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы қаулы жобасының мазмұны қате түсіндірілгенін атап өтті.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, жеделдікті жақсарту мақсатында IV санаттағы шақыруларды жұмыс уақытында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мобильді бригадаларға тапсырады.
Оқи отырыңыз: "Іші толған егеуқұйрық". Алматы облысында бүтін бір ауданның жедел жәрдем қызметі далада қалмақ
"Бұрынғыдай 103 нөміріне қоңырау шалу арқылы барлық пациент шақырту санатына қарамастан толық көлемде медициналық көмек алады. Кешкі және түнгі уақытта, сонымен қатар демалыс күндері барлық санаттағы шақыртуға жедел көмек бригадалары қызмет көрсетеді. Осылайша, халық үшін ештеңе өзгермейді, бірде-бір шақырту назардан тыс қалмайды және пациенттерге қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасы одан әрі жақсарады", – деді Әйгерім Оразалиева.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл медициналық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобасын әзірлеген болатын.