Ерлан Қарин: Жаңа Конституция – қоғамдық сұраныс пен ашық пікірталастың нәтижесі
"Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!" жалпыұлттық коалициясы мүшелерімен бірге Ақтөбе жұртшылығымен кездескен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Ата Заң жобасының шын мәнінде халықтық құжат екенін айтты.
Оның сөзінше, Конституциялық комиссия жұмысты басынан бастап ашық форматта жүргізген. Әр отырыс тікелей эфирде көрсетіліп, қоғам тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге жауап беріліп отырған.
"Азаматтардың ұсыныстары жаңа Ата Заңда барынша ескерілді. Сондықтан оны халықтық Конституция деп атауға толық негіз бар. Кейбіреулер айтқандай, құжат 5–6 аптада емес, былтырғы қыркүйектен бері жарты жыл бойы халықпен бірге дайындалды", – деді ол.
Жаңа Конституция не үшін қажет?
Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияны қабылдау қажеттілігіне де тоқталды. Оның айтуынша, қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы елдің тәуелсіздік жылдарындағы дамуына серпін беріп, маңызды рөл атқарды.
Алайда 1995 жылғы Конституция ел енді ғана тәуелсіздігін алып, мемлекеттік институттарды қалыптастырып жатқан кезеңде қабылданған. Құжат сол уақыттың терминологиясы мен түсініктеріне сай жазылған.
Қариннің айтуынша, жаңа Конституцияны 130 адамнан тұратын комиссия әзірлеген. Жұмыс ашық форматта өтіп, азаматтардың ұсыныстары e-Otinish және eGov платформалары арқылы қабылданған. Ал 1995 жылғы Конституция небәрі 12 адамнан тұратын шағын топпен дайындалған, оның ішінде үш шетелдік маман болған. Жұмыс жабық форматта жүргізілген.
Дамудың жаңа кезеңі
Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, жаңа Конституция – мемлекеттілігі орныққан, халықаралық беделі қалыптасқан, тарихи тамыры айқын, ғылым мен инновацияға сүйенген Қазақстанның жаңа Ата Заңы болмақ.
Жаңа Конституцияны қабылдау арқылы Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басады.