ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Маңғыстау облысында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ОДКБ) әскері орналасқан деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Биылғы 4-8 қаңтар аралығында Маңғыстау облысында болдым. Онда ахуалды тұрақтандыру жөніндегі өңірлік штабтың жұмысын үйлестіруге атсалыстым. Аймақтағы ахуал қазір тұрақты",- деп жазды ол Facebook парақшасында.

Мемлекеттік хатшы өңірде мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық қызметтердің барлығы қалыпты режімде жұмыс істеп жатқанын айтады. Құқық қорғау органдары жағдайды толық бақылауда ұстап тұр.

"Қоғам белсенділерінің арқасында билік пен наразылық білдірген азаматтардың арасында конструктивті диалог орнықты. Осы өңірде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ОДКБ) әскері орналасқан деген қауесет шындыққа жанаспайды. Облыстағы төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге өз еліміздің қарулы күштерінің және Ұлттық ұланның бөлімшелері ғана жұмылдырылған", деп толықтырды Мемлекеттік хатшы.


Оқи отырыңыз: ҰҚШҰ елдерінің басшылары 10 қаңтарда онлайн-конференция өткізеді