Ақтауда тұрғын үйдің жоғарғы қабатынан диван лақтырып, 39 жастағы азаматты жазым ете жаздаған күдікті әлі табылған жоқ. Полицейлер арада 4 ай өтсе де, жиһаздың қай пәтердің терезесінен түскенін де анықтамаған. Ал үстіне ауыр диван құлаған тұрғынның мойын омыртқасы сынып, мүгедек болып қалған. Дегенмен, бұл сұмдық оқиға ақтаулықтарға әлі де сабақ болмаған сыңайлы. Себебі, қоқыс төгуге ерінген қала тұрғындары қалдықтарын, қала берді осындай ауыр жиһаздарды әлі де терезеден лақтырады. Осының себебінен кейбір тұрғындар үйлердің жанынан өтуге қорқып қалғандарын айтады, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Артқа бір қадам жасағаным сол еді, тастың үлкен кесегі дүкеннің ағаш күнқағарын сындырып өтіп, алдыма түсті. Егер сол кезде қозғалмаған болсам басыма түсер еді. Олар мұны көре тұра, мені келемеждеп күліп тұрды. Жұмысын істей берсін, бірақ абайлау керек. Жалпы бұл маңайда адамдар жоғарыдан не болса соны лақтыра береді. Енді далаға шыққанда төбемізге қарап жүретін болдық", – деді Ақтау қаласының тұрғыны Галина Васильевна. 

Тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне шығаруға ерінетін ақтаулықтардың мұндай әдетін өзге тұрғындар да байқаған. Соның себебінен балаларымызды емін-еркін далаға шығарудан қалдық, дейді. Ал полицейлер мұндай адамдарға шұғыл түрде шара қолданып, жауапқа тартпаса қайғылы жағдайлар жиілеуі мүмкін деп отыр.


Оқи отырыңыз: Шымкентте түрменің жанында тұратын тұрғындар мүлде байланыссыз қалды


"Қорқынышты, менде де кішкентай балалар бар. Қоқысты кімдердің лақтырып жатқанын білмеймін. Өзім бесінші қабатта тұрамын. Қапталдан қоқыс тастайды, оны үнемі мен жинап жүремін", – деді Ақтау қаласының тұрғыны Маржан. 

Ал өңірдің полицейлері қауіпсіздікті ескермейтін тұрғындармен күресіп жатырмыз, дейді. Айтуларынша, түскен шағымдар бойынша учаскелік полицейлер аумақтарды бақылайды. Сондай-ақ, мұндай құқықбұзушылық әрекетке барғандарды көшедегі бақылау камералары арқылы анықтап, жауапкершілікке тартып жатқандарын жеткізді.

Жыл басынан бері қалада қоғамдық орындарды ластаған тұрғындардан 1500-ден астам дерек тіркелген екен.


Оқи отырыңыз: "Бір бұлақтан аң да, мал да, адам да су ішеді". Жамбыл облысында тұрғындар 30 жылдан бері ауыз суға зәру екенін айтты


"Қоқыс лақтыру деректерін полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы, учаскелік полиция инспекторлары белгіленген аумағын тексеру барысында анықтап жатады. Сондай-ақ азаматтардан келіп түсетін арыз-шағымдар мен әлеуметтік желідегі жарияланымдар бойынша да қоқыс тастаушымен күрес жүргізіледі", – деді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева. 

Еске сала кетейік, осыдан тура 4 ай бұрын үстіне ауыр диван құлаған ер адамның жағдайы оңалмаған. Дәрігерлер соққы салдарынан мойын омыртқасы сынған азаматқа ота жасаған еді. Қазір азамат мүгедек болып қалған. Маңғыстау облысының полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғағанымен, күдіктіні әлі күнге дейін таба алмай отыр.