Еңбек министрлігі зейнетақы мөлшері қалай артатынын түсіндірді
Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 2025 жылы 138 мың теңгеге жетуі тиіс.Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, бұл үшін Әлеуметтік кодекс жобасы шеңберінде базалық зейнетақы мөлшері мен ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табысты арттыру көзделген.
- 2023-2027 жылдар аралығындағы кезеңде ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан 54-тен 70%-ға дейін, ең жоғары мөлшерін 100-ден 120%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін арттырылатын болады. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрайды және барлық 2 млн зейнеткерге қатысты болады.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты зейнет жасы туралы: халықтың қалауы мен елдің мүмкіндігі әртүрлі
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыларды есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыстың шамасын 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделеді.
Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға (3 жыл ішінде – 109-дан 138 мың теңгеге дейін) арттыруға және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылдайды.