Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың мәліметінше, биыл өндіріс көлеміне АМӨЗ-ының жыл басында жоспардан тыс тоқтауы әсер еткен. АМӨЗ осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, бекітілген жоспардан 239 мың тоннаға аз өндірді. Осы орайда, вице-министр өндіріс көлемін тұрақтандыру үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтты. 

"2021 жылдың тамыз-қыркүйек айларында 520 мың тонна дизель отынын тұтынғанымыз белгілі болды. Бұған ішкі нарықтағы бағаның төмен болуы әсер етті. Бағалар төмен болғандықтан, жанар-жағар май қоры күрт төмендей бастады. Салыстырмалы түрде тамыз айында бізде 250 мың тонна дизель отыны болса, қыркүйек айының соңына қарай 200 мың тонна деңгейінде болды. Сондай-ақ, жазда импорт 26 мың тоннаны құрады", – деді Әсет Мағауов. 

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, дизель отынының бір литрінің орташа бағасы 188 теңге болған. 2020 жылы осыған ұқсас баға сақталды. Ал 2019 жылы орташа баға жоғары, яғни литріне 193 теңгені құрады. 

"2019-2020 жылдары қысқы дизель отынының бағасы литріне 255-270 теңге диапазонында болды. Қазіргі уақытта дизель отыны бағасының өскені байқалады. Маусым аралық дизель отыны бағасының ағымдағы диапазоны литріне 214-330 теңгені құрап отыр. Импорт пен ішкі нарыққа жеткізілімдерді тұрақтандыру бойынша бағаның өсу диапазаны тарылады деп күтіп отырмыз. Маусым аралық дизель отыны бойынша 330 теңге деген сияқты бағалар болмауы керек. Меніңше, кәдімгідей арзандайды", – деді вице-министр. 

Мұнымен қатар, Әсет Мағауов бағаны тұрақтандыру бойынша келесі шаралардың жүзеге асып жатқанына тоқталды:

  • автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды;
  • 2021 жылдың сәуір айынан бастап дизель отынының экспорты тоқтатылды;
  • "АМӨЗ" ЖШС-ін жоспарлы жөндеу 2022 жылға ауыстырылды;
  • "АМӨЗ" ЖШС мен "ПҚОП" ЖШС-іне 100 мың тонна қосымша мұнай өңдеу жүктелді – қосымша 29 мың тонна дизель отыны;
  • "ПМХЗ" ЖШС-ның мұнайды бастапқы өңдеу кешенін жөндеу мерзімі ауыстырылды – қазанның алғашқы он күнінде қосымша 30 мың тонна дизель отынын өндіреді.

Бұдан өзге, РФ МӨЗ-нан дизель отынын тиеп-жөнелту жандандырылады:

  • 1-20 қыркүйек аралығында – 5,3 мың тонна;
  • 21-30 қыркүйек аралығында – 38,2 мың тонна;
  • 1-10 қазан аралығында – 22,2 мың тонна.

"11 қазандағы жағдай бойынша, дизель отынының жалпы қалдығы 214,9 мың тоннаны құрады. Оның ішінде МӨЗ-де – 38,7 мың тонна, мұнай базаларында – 123,4 мың тонна. Қабылданған шараларды ескере отырып, сондай-ақ, осы жылдың қазан айында 330 мың тонна көлемінде дизель отынын өндіру және 80-100 мың тонна көлемінде импорттық жеткізілімдерді ескере отырып, ішкі нарықты тұрақтандыру жоспарланып отыр. Бір ай бұрын, 2021 жылғы 10 қыркүйектегі жағдай бойынша, мұнай базаларындағы қалдық 128,3 мың тоннаны құрады және мұндай жоғары сұраныс болған жоқ", – деді министрлік өкілі. 

Сондай-ақ, қаржы министрлігінің ҚМА және БҚДА-мен бірлесіп ірі мұнай базаларында дизель отынын өткізуді жасанды шектеуге тексеру жүргізу мәселесін пысықтап жатқанын айтты.