Энергетика вице-министрі: Атом энергетикасы – электр энергиясының тұрақты көзі болып саналады
Сұңғат Есімханов АЭС Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары мен экономикасын дамыту үшін маңызды екенін айтты.ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Ақтөбе облысына сапар барысында Қазақстанда басталуы ықтимал атом электр станциясының құрылысына қатысты өз ойын айтты.
"Біз Ақтөбе облысында орналасқан үлкен жел электр стансасына бардық. Ол еліміздегі үлкен стансаның бірі. ЖЭС елімізде өте қарқынды дамып жатыр. 2900 МВт-тан астам жаңартылатын энергия қазірдің өзінде жұмыс істейді. Біз оны одан әрі дамытамыз. Бірақ бұл энергия көзі тұрақсыз, ауарайына байланысты болғандықтан, экономиканы толық қамтамасыз ету үшін басқа бағыттарды дамыту қажет", – деді Сұңғат Есімханов.
Ол энергия қуатын реттеу және алмастыру үшін газ генерациясы салынатынын және көмір стансалары да жаңғыртылатынын еске салды.
"Бірақ, экономиканы дамыту үшін, біз жаңа ғана барып көрген ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды қамтамасыз ету үшін бізге тұрақты базалық генерация қажет. Ол – атом энергетикасы. Оның пайдалы әсер ету коэффициенті 90 пайызды құрайды. Сондықтан көптеген дамыған елдерде атом энергетикасы бар. Қазір 15 мемлекет үлкен атом стансаларын салып жатыр. Қазақстан да осы тізімде болуы керек деп санаймыз", – деді вице-министр.
Еске салайық, бүгін премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Бадамша ауылындағы бірқатар нысандарды көріп, энергетика секторындағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешу ісімен танысты.
"Жел және күн электр стансалары Қазақстандағы "жасыл" энергия үлесін арттыруға бағытталған жалпы жұмыстың маңызды бөлігі саналады, олар бүгінде еліміздегі жалпы электр энергиясы көлемінің 6%-ын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар еліміздегі энергетика секторының 70%-ға жуығы көмір электр стансаларына тәуелді. Өкінішке қарай, елімізде ЖЭО тозуының жоғары деңгейі және қажеттілік көлемінің артуы энергияға тәуелділікке алып келеді. Біз мұны Қазақстанның солтүстік өңірлері мен Ресейден электр қуатын сатып алып отырған Ақтөбе облысының мысалынан көріп отырмыз. Ұзақмерзімді энергетикалық тұрақтылық үшін елімізге энергияның орнықты баламалы көзі қажет", — деді премьер-министр.