Қазақстанда жұмыс істемейтін әкелердің бала күтіміне байланысты демалыста болған уақыты зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде есептеледі. Парламент Мәжілісі "Кейбір заңнамалық актілерге қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда қабылдады. 

Заңға сәйкес, кәмелетке толмаған баланы күтіп-баққан, бірақ ресми түрде жұмыс істемеген әкелердің осы кезеңі зейнетақыны есептеу барысында еңбек өтіліне қосылады. Аталған норма Конституциялық соттың шешімін орындау мақсатында Әлеуметтік кодекске енгізіледі.

Сонымен қатар, депутаттардың бастамасымен еңбек заңнамасына тағы бір маңызды өзгеріс енгізілді. Енді жұмыс берушілерге жалғыз өзі бала тәрбиелеп отырған ата-аналарды, жынысына қарамастан, жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Осыған байланысты заңнамадағы "жалғызбасты аналар" ұғымы "жалғызбасты ата-ана»"деп өзгертіледі.

Бұдан бөлек, қабылданған заң аясында мәслихаттарға "Облыстың, қаланың немесе ауданның Құрметті азаматы" атағын беру тәртібін әзірлеу және бекіту құқығы берілді.