Енді жалақысы 145 мың теңгеге жетпейтін азаматтар табыс салығынан толық босатылады
Биылдан бастап жұмыс істейтін барлық қазақстандықтың жалақысы шамамен 7,5 мың теңгеге өседі. Ал айлығы 145 мың теңгеге жетпейтін азаматтар табыс салығынан толық босатылады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жаңа салық кодексіне сәйкес, базалық шегерім мөлшері ұлғайып, салықтан қайтарылатын қаржы автоматты түрде есептеледі. Ол үшін құжат жинап, өтініш берудің қажеті жоқ — қайтарылған сома айлықпен бірге есепшотқа түседі.
Сарапшылардың айтуынша, бұрыннан бар бұл жеңілдіктің мөлшері артқан. Мәселен, айлығы 300 мың теңге болатын азамат бұрын 243 мың теңге алса, енді қолына шамамен 250 мың теңге тиеді.
Сонымен қатар оқу, медицина, ипотека және көпбалалы отбасыларға арналған жеке шегерімдер алынып тасталып, олардың орнына 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірыңғай базалық шегерім енгізілді. Осылайша табысы осы деңгейден төмен азаматтар табыс салығын төлемейді.
Алайда бұрынғы шегерімдерге құқылы азаматтар қыркүйектің 15-іне дейін тиісті құжаттарын тапсырып, декларация өткізуге тиіс. Тексеруден кейін қайтарылмаған қаражат есепшотқа аударылады.