Енді шетелге жұмысқа жіберетін агенттіктерден лицензия талап етілмек, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Яғни, қазақстандықтарды алыс-жақын шет мемлекеттерге жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке компаниялар үшін жауапкершілік күшейтіледі. Өйткені, қазір агенттіктердің қызметіне бақылау жоқ – деді Үкімет басшысы. 

Сондықтан, заңға тиісті түзетулер енгізілгелі отыр. Жалпы кейінгі жылдары әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығуына байланысты көші-қон мәселесі күрделене түскен. Бұл үрдіс ішкі және сыртқы миграцияға да қатысты болып отыр. Өйткені қазір көші-қон саласында заң бұзу фактілері көбейген. 

Мәселен, бір ғана мамырда 7 мыңнан астам дерек тіркелген. Демек, салаға бақылау енгізу – маңызды іс. Әсіресе, мигранттардың ел ішіндегі қозғалысын тексеруге мүмкіндік беретін id-карталарды ертерек іске қосқан жөн. Әрі көші-қон процесін толық реттейтін бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеу де кезек күттірмес проблемаға айналған. 

"Заңсыз жұмыспен қамтуды, көлеңкелі экономиканы және жалған келісімшарттарды бақылау шараларын күшейту. Еңбек жағдайларының мониторингі және шетелдік жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, дефицит салалар үшін квоталарды қайта қарау, сондай-ақ ұйымдастырылған көші-қон арналарын кеңейту. Демек, жұмыс күші жетпей жатқан өңірлерге тұрғындарды тарту үшін жаңа тетіктер енгізілгелі отыр. Мәселен, нысаналы ипотекалық қарыздар беріліп, кәсіпкерлерге гранттар ұсынылады. Не қызметтік үйлер үлестірілуі ықтимал. Ал, қандастар елге қоныстанбас бұрын арнайы дайындалған сауалнамаға қатыспақ. Сол арқылы Үкімет көшіп келуге ниетті отбасының жеке және кәсіби артықшылықтарын бағалайды. Әрі этникалық қазақтар демографиялық тапшылығы бар өңірлерге қоныстанады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, шетелдіктерді тіркеу тәртібін бұзғандарға қатысты жаза күшейтілмек", – деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.