Енді рөлде келе жатып жолды картадан қарап отырған жүргізушілерге де айыппұл салынады
Алматы қаласында жол қауіпсіздігін бақылау жүйесіне жаңа функция енгізілді. Енді көшедегі бейнекамералар көлік қозғалысын ғана емес, көлік ішіндегі жүргізушілердің әрекетін де тіркей алады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Алматы қаласы полиция департаменті мәліметінше, камералар рөлде отырып телефон пайдаланған немесе қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді автоматты түрде анықтайды. Мұндай жағдайда айыппұл көлік иесіне автоматты түрде жолданады.
Бұған дейін рөлде отырып телефон қолданған немесе қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерге айыппұл тек жол-патрульдік полиция қызметкері анықтаған жағдайда ғана салынатын. Енді бұл заңбұзушылықтарды камералар тіркейді.
Полиция өкілдерінің айтуынша, жүргізуші көлікті басқару кезінде назарын тек жолға аударуға тиіс.
Елімізде рөлде отырып телефон пайдаланған жүргізушілерге салынатын айыппұл 21 мың теңгеден асады. Егер құқықбұзушылық камера арқылы тіркелсе, хаттама көлік иесіне SMS немесе банк қосымшалары арқылы жіберіледі.
Қазіргі таңда Алматы қаласында 180 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Полиция департаменті олардың барлығы жаңа жүйемен жұмыс істеуге дайын екенін хабарлады.
Сонымен қатар жаңа тәртіп тек көлік қозғалысы кезінде телефон пайдаланған жүргізушілерге қатысты. Яғни, көлік тоқтап тұрған жағдайда смартфон қарауға тыйым салынбайды.