Цифрлық құжаттардың қатары негізгі орта және жалпы орта білім беру туралы аттестатпен толықты, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Ол енді eGovMobile мобайл қолданбасындағы "Bilim" жаңа қызмет көрсету сервисінде қолжетімді.

"Осы жылдан бастап мектеп түлектері аттестаттарын цифрлық нұсқада ала бастайды. Ол үшін eGovMobile мобайл қолданбасындағы "Bilim" сервисіне өту керек, мұнда "Менің балаларым" бөлімінде ата-аналар мен заңды өкілдері үшін кәмелетке толмаған балалардың құжаттары қолжетімді болады", – дейді цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы Майра Маралбаева.

Еске салайық, осыдан бір ай бұрын Оқу-ағарту министрлігі eGovMobile мобайл қолданбасында "Bilim" жаңа сервисін іске қосқан болатын.

Мұнда білім туралы мәліметтер, цифрлық құжаттар берілген бірнеше бөлім бар. Ал бір жыл бұрын қолданбада колледж дипломдары QR-кодпен беріле бастады.