Енді елімізде салынып бітпеген тұрғын үйден пәтерді алдын ала брондауға тыйым салынады
Бұл үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған бастама.Енді елімізде салынып бітпеген тұрғын үйден пәтерді алдын ала брондауға тыйым салынады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жаңа бастама үлескерлерден ақша алып, кейіннен құрылысты аяқсыз қалдыратын компаниялардың санын азайтуға сеп болмақ.
Осылайша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі үлескерлердің мүддесін қорғайтын заң жобасына түзетулер енгізіп жатыр.
"Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында баспананы алдын ала брондауға тыйым салу көзделген. Сонымен қатар компанияларға құрылыс аяқталмай, жарнама жасауға да рұқсат берілмейді. Бұл үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған бастама.
Десе де, жаңа өзгерісті тұрғын үй нарығындағы сарапшы Ажар Молдан құптамайды. Ол бұл жүйе алынып тасталса халықтың баспаналы болуына мүмкіншілігі азаяды дейді.
Маман сонымен қатар арзан бағаға баспаналы боламын деп әлі күнге дейін пәтер кілтін ала алмай жүрген азаматтар аз емес деп отыр. Сондықтан үй алуды жоспарлап жүрген жандарға құрылыс компаниясын жіті тексеріп барып қана бронь жасауға кеңес береді. Ал халықтың бұл мәселеге келгенде пікірі екіге бөлінді.
"Компания сенімді болса ғана сатып алуға болады. Ал енді, сенімсіз компания болып шығып, алданып қалып жатқандар көп қой. Сол үшін бір жағынан керек емес. Қазір ешкімге сенім жоқ. Ол дұрыс емес әрине. Енді әркімнің өзіне байланысты ғой. Ақшасына қарай, жағдайына қарай. Әрине, біткен үйді алған жақсы ғой, бірақ ол қымбат. Сондықтан әркім қалтасына қарай көреді", – деді сарапшы Ажар Молдан.
Айта кетейік, жаңа түзетулерде құрылыс мерзімін көрсетілген уақыттан бес айға дейін ұзарту қарастырылған. Әзірге заң жобасы пысықталып жатыр.