Енді дәрігерлерге қол көтергендер 12 жылға сотталуы мүмкін
Қазақстанда енді дәрігерлерге қол көтергендер 12 жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Мәжіліс ақ халаттылардың құқығын аяққа таптағандарға жазаны күшейтпек. Тиісті заңға өзгеріс енсе медицина қызметкеріне ауызша сес көрсеткендердің өзі оңай құтылмайын деп тұр. 4 миллион теңгеге дейін айыппұл салу, тіпті 3 жылға бас бостандығынан айыру көзделген.
Дәрігерлерге, әсіресе жедел жәрдем қызметкерлері мен жүргізушісіне қоқан-лоққы көрсету, тіпті қол жұмсау дерегі соңғы жылдары жиілемесе, азайған емес. Бірақ енді өмірге қауіпті емес зиян келтіргеннің немесе сес көрсеткеннің өзіне 2 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін айыппұл, не 600 сағатқа жұмысқа жегу, болмаса 3 жылға қамау жазасын қолдану қарастырылуда. Ал өмірге қауіп келтірсе 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. Егер топ болып жасалған қылмыс болса 12 жылға дейін түрмеге жабуы мүмкін.
"Жедел жәрдем кешігіп барған кездерде көбіне дөрекіліктер болады. Ауруханаға алып баратын жағдайлар болған кезде мысалы әкелері мас күйде қаратпай қоятын жағдайлар болады. Немесе больницаға жібермей, сол жерде де дөрекілік көрсетеді. Немесе біз денсаулыққа тікелей жауапты болған соң қолхат сұраймыз. Сол кезде де балағаттау сөздер болып, айтылып жатады", – деді Қызылорда облысы жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Мария Оспанова.
Медицина саласында 30 жыл еңбек еткен Мария Оспанованың айтуынша, фельдшерлерге зорлық-зомбылық фактісі тұмау қызып, шақыртулар көбейгенде жиі болады. Мекен-жайын қате айтып, барса есік ашпай қызметке кедергі келтіретіндер де көп дейді. Ал медицина заңгерінің сөзінше, қолданыстағы заңның өзінде мұндай әрекеттер үшін жаза көзделген. Алайда одан нәтиже болмағанын айтады.