Енді банктер қазақстандықтарға ағымдағы шотындағы ақшасына сыйақы төлейді
Енді қазақстандықтардың ағымдағы шоттарындағы қаражатына да сыйақы есептелуі мүмкін. Яғни, күнделікті тұрмыста қолданылатын немесе жалақы түсетін есепшоттарға банктер қосымша пайыз төлеу құқығына ие болды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бұл өзгеріске дейін 7 жыл бойы қолданыста болған тыйым алынып тасталды. Бұдан былай қаржы ұйымдары депозиттермен қатар ағымдағы шоттардағы ақшаға да пайыз есептей алады. Аталған норма жеке тұлғаларға ғана емес, ірі компанияларға да қатысты.
Сарапшылардың айтуынша, сыйақы мөлшері шамамен 1 пайыздан аспайды. Мәселен, есепшотта 100 мың теңге болса, банк шамамен 1 мың теңге сыйақы төлеуі мүмкін. Алайда бұл көрсеткіш нақты бекітілмеген.
Экономист Сапарбай Жобаевтың пікірінше, бұл өзгерістің жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін айтарлықтай пайдасы жоқ. Себебі ағымдағы шоттағы қаражат үнемі қозғалыста болады және жыл бойы сақталмайды. Соның салдарынан сыйақы мөлшері мардымсыз болады.
"Егер ақшаны тоқсанға бөліп есептесек, сыйақы шоттағы қаржының төрттен біріне ғана төленеді. Ал бір айдан кейін алынған қаражатқа жылдық сыйақының он екіден бірі ғана түседі. Сондықтан қосымша табыс сезілмейді. Есесіне, банктер үшін қосымша жұмыс пайда болады", – деді экономист.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің өкілдері банктер ағымдағы шоттарға сыйақы төлеуге міндетті емес екенін мәлімдеді. Яғни, бұл – қаржы ұйымдарының өз еркіндегі шешім. Дегенмен сыйақы мөлшері 1 пайыздан аспауға тиіс.
Сарапшылардың айтуынша, банктер өтімділік талаптарын ескере отырып, ағымдағы шоттағы қаражатты тәуекелге салмайды. Себебі кез келген сәтте клиенттер ірі көлемде қаражат шешіп алуы мүмкін.