Ішкі істер министрлігі қылмыстық заңнамаға енгізілген маңызды өзгерістерге байланысты азаматтарды сақ болуға шақырды.

Жаңа ереже жеке деректерді қорғау мен қаржы қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. ҚР қылмыстық кодексіне жаңадан енгізілген 232-1-бапқа сәйкес, енді қылмыстық жауапкершілік қарастырылған:

  • өзінің банктік деректемелерін (карта, шот және т.б.) үшінші тұлғаларға бергендерге;
  • материалдық сыйақы немесе басқа да пайда алу үшін басқа адамның атынан ақша аударып бергендерге;
  • қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға көмек көрсеткендерге.

"Көптеген алаяқ азаматтарды алдап, олардың банк карталарын немесе шоттарын өз қылмыстық әрекеттеріне пайдаланады. Зардап шеккендер өздерінің қылмыстық әрекетке қатысы бар екенін түсінбей қалады. Бұл – жай ғана дерек емес. Бұл – сіздің мүлкіңіз, қауіпсіздігіңіз және заң алдындағы жауапкершілігіңіз. Банктік деректеріңізді ешқашан бөгде адамдарға бермеңіз. Картаңызды немесе шотыңызды біреуге пайдалану үшін беріп, "оңай ақша табуға" келіспеңіз. Күдік туындаса – дереу банкіңізге немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз", – делінген хабарламада.