Еңбек демалысында жүрген қызметкерлерін жұмысқа шақыру заңды ма
Елімізде заң бойынша басшылардың ақылы еңбек демалысында жүрген қызметкерлерін жұмысқа шақыруына тыйым салынған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тіпті аса қажет болмаса, жиі қоңырау шалып мазасын алуға да болмайды. Яғни маман жылына бір рет берілетін демалыста жеке өміріне көңіл бөлуі керек. Десе де, қазір қазақстандықтар қайта-қайта хабарласып, жұмысқа шығуын талап ететін басшылық әрекетіне көп шағымданып жатыр.
Қазақстандықтар жылына бір рет берілетін еңбек демалысында жақындарының жанында болғысы келеді. Саяхаттап алыс-жақын елдерге шығады. Алайда көп жағдайда бұл жоспар орындала бермейді екен. Өйткені басшылар жұмыс бойынша сан сұрақ қойып мазаны алады. Тіпті мерзімінен бұрын қызметке оралуын талап етеді екен.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері демалыста жүрген маманды қайта жұмысқа шақыру үшін себеп болу керек дейді. Сондай-ақ, заң бойынша қызметкер басшысының ұсынысын қабылдай ма, жоқ па өзі шешеді. Тіпті жұмыс берушінің себепсіз қоңырау шалып, хабарлама жіберуі де дұрыс емес. Ал демалыстағы жоспары орындалмай, қызметіне қайта кіріскен маман өтемақы ала алады.
"Өндірістік жағдайға байланысты кері шақыртып алу болады ғой, сол кезде еңбек демалысы үзіліп қалып, қалған күндер қалып қойса, оны сол ағымдағы жылдың кез келген уақытында қызметкер алуға құқылы. Қалып қойған уақыт қолданылмай қалатын болса, онда еңбек шартын жасасқан екі тарап бар ғой. Сол екі тараптың келісімі бойынша, жұмыс беруші жұмыскерге өтемақы төлеуге тиісті. Сондай-ақ, Еңбек кодексінде қандай жағдай болса да басшыларының қайта жұмысқа шақыртуына мүлде рұқсат етілмеген мамандық иелері бар. Мәселен кәмелетке толмаған қызметкерлерді, жүкті әйелдерді және зиянды орында істейтін жұмысшылардың демалысын мезгілінен ерте тоқтатуға тыйым салынған", – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет сарапшысы Мадина Әбілдина.