Елордада балаларды қорғау күні "Менің атым Қожа" шығармасының басты кейіпкеріне арнап қойылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

"1963 жылы "Қазақфильм" студиясы түсірген "Менің атым Қожа" туындысының бас кейіпкеріне арналған ескерткіштің ашылу рәсімі елорданың "Жетісу" саябағында сағат 11.00-де өтеді. Шара елдегі "Балалар жылы" аясында ұйымдастырылып отыр", – делінген хабарламада.  

Ескерткіштің жалпы биіктігі 1 метр 83 сантиметрді құрайды. Гранит және қола материалдардан жасалған. Мүсінші – Талапхан Азамат, ал идея авторы – Мұрат Қожамқұлов. 


Оқи отырыңыз: Алматыда 1 маусымда балалар қоғамдық көлікпен тегін жүреді


"Менің атым Қожа" – 1957 жылы жазылған, қазақ балалар әдебиетінің озық туындыларының бірі саналатын повесть. Авторы – балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев. Ол украин, француз, литва, латыш, өзбек, орыс тілдеріне аударылған. 1963 жылы "Қазақфильм" студиясының осы шығармасы бойынша жазылған киносценарий экранға шықты.